Кеншілер астанасында қылмыстылық деңгейі төмендеді

18 мамыр 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қарағандылық прокурорлар төтенше жағдай кезеңіндегі (2020 жылдың 16 наурызынан 11 мамырына дейін, бұдан әрі - ТЖ) криминогендік жағдайдың қорытындыларын шығарды.   Жалпы, карантиндік шаралар қылмыстылық деңгейінің төмендеуіне ықпал еткені анықталды.

Қадағалаушы органның мәліметтеріне сәйкес аталған кезеңде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны  35%-ға төмендеген.

Денсаулыққа ауыр зиян келтірумен байланысты қылмыстар 10%-ға, оның ішінде адам өліміне соқтырғандары 36%-ға азайды.  

Қарақшылық шабуылдар 7 есе, ұрлықтар мен тонаулар екі есеге азайған. Қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар мен бұзақылықтар да екі есеге төмендеген.  

«Үйде болу» режиміне қарамастан, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар азайған. Әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар  43%-ға, балаларға қарсы жасалғандары 24%-ға төмендеген.  

Сонымен қатар, ТЖ жағдайында енгізілген тыйым салулар мен шектеулер кезеңінде құқық қорғау органдары бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған. 

Атап айтқанда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жүргізу нәтижесінде айқындалған, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату үшін 11 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.   Кінәлі тұлғалар анықталды.

ТЖ режимін бұзғандары үшін 1722 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 338 - қамауға алынды, 678 - айыппұл төлеуге тартылды, 706 - ескерту жасалды.   

ТЖ режимі аяқталуына қарамастан, өңірде карантиндік шектеулер жалғасуда.

Қарағанды облысының прокуратурасы барлық азаматтарды құқықтық тәртіпті сақтауға, уәкілетті органдардың талаптары мен белгіленген шектеулерді орындауға шақырады.   

Қарағанды облысының прокуратурасы