Қарағандының прокурорлары мүгедектердің құқықтарын қорғады

28 ақпан 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Облыс прокуратурасы «Қарағанды қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің», сонымен қатар «Мүгедектерді оңалтумен айналысатын «Лайықты өмір» орталығы» ҚБ-нің жұмыстарында әлеуметтік көмекті жүзеге асыру барысында заңдылық сақталуына тексеріс өткізді.

Қарағанды қаласында жеке көмекші түріндегі әлеуметтік қызмет қимыл-қозғалыстары нашар 1,5 мыңнан астам 1-топтың мүгедектеріне көрсетілетіні анықталды. Жыл сайын мемлекет бұл мақсатқа 700 млн. теңгеден астам қаражат жолдайды.  

Тексеріс барысында прокурорлар аталған қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды бекіту және орындау барысында бұзушылықтар орын алғанын және ол бұзушылықтар жеке көмекшілер мен мүгедектердің құқықтарына нұқсан келтіріп, мемлекетке шығын келтіргенін анықтады. 

Сонымен қатар, қоғамдық бірлестік мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың демалыс және мереке күндері жеке көмекшілердің қызметтерін пайдалану құқықтарын шектеп, ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, керісінше, орындалған жұмыстар туралы мәліметтерді асыра көрсеткендерін айқындады.

Прокурорлық қадағалау шараларымен аталған заң бұзушылықтар тоқтатылды. Орын алған фактілер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның Қарағанды облысы бойынша департаменті Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармақшасы (бөтеннің мүлкін аса ірі көлемдегі иемдену) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады.

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу